Ақын бауырларыма
Ақын бауырларыма

Ақындарға тура жолдан адасқандар ілеседі. Көрмейсіңдер ме, ақындар өздерінің айтқанын өздері істемейді.

«Шайыр» сүресі, 224-226 аяттар

 

Ақын бауырым, мініңді мүлде білмейсің,

Өзіңе салса, аспандағы ай мен күндейсің.

Әділдік дейсің, адалдық дейсің жырыңда,

Өзіңнен мықты ақынды бірақ күндейсің.

 

Сезім деп ойлап, нәпсіңе ерік бересің,

«Сен ұлысың!» деген сайтаныңа да ересің.

Ізгілік жайлы КЕРЕМЕТ өлең жазасың,

Ал өзің бірақ боқтайсың, шылым шегесің.

 

Әлем сені емес, әлемді өзің ұқпайсың,

Өмір желінен сыраханада ықтайсың.

Сабырлы бол деп жырлағаныңмен, ал өзің,

Болмашы мұңда шарапханадан шықпайсың.

 

Кербезденесің таудан биік боп талғамың,

Қаншама мәрте өзгерді екен арманың?!

Махаббатқа адал болыңдар дейсің, ал өзің,

Қанша аруға ғашық боп өлең арнадың?!

 

«Талантым бойға сыймайды» дейсің, бұзықсың,

Асау мінезбен сан кештің шырқын бұзыпсың.

Кемшілігіңді түзетпейсің еш өзіңнің,

Ал өзгелерді түзеткің келед, қызықсың!

 

Арқасы қажып, қажалып тоқпақ жауырын,

Шайырлар жүктің көтеру керек ауырын.

Құдайдың өзі сынайды бізді «Құранда»,

Ақындыққа кір келтірме, ақын бауырым!..

Авторы: Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

Алпамыс ФАЙЗОЛЛААлпамыс ФАЙЗОЛЛА
2 жыл бұрын 278
1 пікір
  • Иә, көп ақындардың жазғандары істеріне сай емес. Дұрыс айтылған. Ақынның ой өрісі кең болуы керек.
    2 жыл бұрын
Блог туралы