Жан рахаты
Жан рахаты

ЖАН РАХАТЫ
Қолданған соң тұңғиыққа бойлайды,
Құмарына оңайлықпен тоймайды.
Амал нешік, жан рахатын кейбіреу,
Есірткінің уында деп ойлайды.

Дұрыс бағыт көрсетіңіз сіз, мейлі,
Ақыл-ойдың таразысын түзбейді.
Жан рахатын кейбіреулер шараптан,
Кейбіреулер темекіден іздейді.

Нұрдан құнын артық көріп несептің,
Әрекетін қайталап жүр есектің.
Әттеген-ай, жан рахатын кейбіреу,
Ләззатында деп ойлайды төсектің.

Мәрттік атты нұрлы көшке ерсе игі,
Мұның бәрі адал жолмен келсе игі.
Өкінішті-ақ, жан рахатын кейбіреу,
Байлық, атақ, мансаппенен өлшейді.

Алайда олар шын ләззаттың шегі ме?!
Нұрлы шуақ шашар ма екен көгіңе?
Жан рахатын емес бірақ бәрі де,
Жан азабын әкеледі көбіне.

Еткен игі, жақсы ісіміз аз неге?
Сауап жимай, болып жүрміз мәз неге?!
Білместікпен адаспайық хақ жолдан,
Бауырлар-ау, жан рахаты сәждеде!..
Авторы: Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

сәжде
Алпамыс ФАЙЗОЛЛААлпамыс ФАЙЗОЛЛА
9 жыл бұрын 6738
2 пікір
  • Жақсы жазылған, рахмет. Сәждеде екенін білмей жүрміз. Намаз оқуға ерінеміз. Бес минутымыз кететін екі рәкәғат "духа" намазын оқуға,мысалы, ерінеміз. Тегін "жан рахатын" емес, ақшаға сатып алғымыз келеді бақытты.
    9 жыл бұрын
  • Машалла! Тамаша өлең екен.
    9 жыл бұрын
Блог туралы